Қасым-Жомарт Тоқаев Министрліктің 2020 жылдың қорытындысы бойынша қызметі, цифрландыруды дамыту перспективалары туралы, сондай-ақ Президенттің Жолдауында айтылған, оның ішінде ауылдық жерлерде интернет-байланыстың қолжетімділігін арттыруға бағытталған міндеттерді іске асыру туралы есепті тыңдады. Министр Мемлекет басшысына байланыс сапасына қойылатын талаптар бекітілгенін айтты: енді 3G/4G желілері үшін сапаның ең төменгі шегі анықталды. Бұрын байланыс сапасының минималды шегі реттелмеген. Бейінді ведомство заңнамаға радиожиіліктерді аукцион форматында бөлу бойынша түзетулер әзірледі, бұл 5G-ге көшу процесінде маңызды мәнге ие. Мемлекет басшысына мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған қадамдар туралы баяндалды. Бағдат Мусин eGov mobile мобильді қосымшасына биометриялық сәйкестендіруді енгізу туралы айтып берді, бұл халықтың тіркеу және қызметтерді алу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған қосымша арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсыну жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру аясында Президентке азаматтарға өтініштерді бірнеше рет басу арқылы беруге және мемлекеттік органдардан жедел кері байланыс алуға мүмкіндік беретін e-өтініштер сервисі ұсынылды. Мемлекет басшысы мұндай сервисті құруды мақұлдады және оны тиімді енгізу жөнінде тапсырма берді. Министр сондай-ақ "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметі туралы, оның ішінде бүкіл ел бойынша 115 Халыққа қызмет көрсету орталығын жаңғырту жоспарлары туралы айтып берді. Осыған байланысты Мемлекеттік корпорацияның кадрлық әлеуетін арттыру мәселесі өзекті болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевқа басқарушы лауазымдарға, соның ішінде ХҚКО басшылары лауазымына үміткерлерді іріктеу кезінде президенттік Жастар кадрлық резервінің тәжірибесін пайдалану туралы баяндалды. Осы идеяны қолдай отырып, Президент іріктеу процесінде барынша ашықтықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Бұл жұмыс Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп жүзеге асырылатын болады. Бағдат Мусин "Цифрлық Қазақстан" ұлттық жобасын трансформациялау процесі туралы есеп берді, оның негізгі бағыты мемлекеттің азаматтармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге және халықтың проблемаларын шешуге байланысты барлық өмірлік жағдайларды цифрландыруға бағытталатын болады. Сонымен қатар, министр Мемлекет басшысына қазақстандық "KazSat"спутниктік байланыс жүйесін дамыту туралы баяндады. Атап айтқанда, "KazSat-2R" жобасын инновациялық, оның ішінде жаңа буындағы спутниктік байланыс топтамаларына байланысты шешімдердің пайдасына тоқтату туралы шешім қабылданды. Бұл миллиардтаған теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. |